ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» кезекті матчын өз айдынында «Волга-Черемшан» (Ульяновск) клубымен өткізді.
Ойында оралдық хоккейшілердің басымдылығы айқын байқалып тұрды.
Матч біткенде, 17:4 есебі тіркелді. «Ақжайықтың» сұрмергені, ресейлік Максим Пахомов 7 голдың авторы атанса, команда капитаны Максим Өтебалиев қонақтар қақпасына 5 доп енгізді.
Сондай-ақ Рауан Исалиевтің еншісіне 3, Артем Лапшин мен Дәурен Ораловқа бір-бір голдан жазылды.
Осылайша, қатарынан 9 кездесуінде жеңіске жеткен «Ақжайық» (бас бапкері Николай Шавалдин) екінші топта 36 ұпаймен көш бастаушылар қатарында келеді. Турнир кестесінде «Маяк» (Краснотурьинск) клубы ғана 37 ұпаймен алда тұр. Бірақ олар бір бәсекені артық өткізген.
Жексенбі күні «Ақжайық» пен «Волга-Черемшан» қайта айдынға шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» қазандық команданы екінші рет ойсырата жеңгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).