ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» өз айдынында «Ак Барс-Динамо-2» (Қазан) клубын қабылдады.
Осының алдында оралдықтар Орынборда жергілікті «Локомотивті» 18:5 және 20:3 есебімен ойсырата ұтқан еді.
Бұл жолы Николай Шавалдиннің шәкірттеріне қазандық команда да қарсы тұра алмады. Кездесу 10:1 есебімен «Ақжайықтың» пайдасына шешілді.
Айдын иелерінен команда капитаны Максим Өтебалиев төрт голдың авторы атанса, Максим Пахомов пен Рауан Исалиев «Ак Барс-Динамо-2» қақпасына екі-екіден доп енгізді. Сондай-ақ Артем Лапшин мен 18 жастағы Руслан Таухаев та құр кетпеді.
Қонақтардан Владимир Нигметзянов қана көзге түсе алды.
Ертең қос команда екінші кездесуін өткізеді.
Бұл ойыннан кейін 30 ұпай жинаған оралдықтар өз тобында екінші орынға көтерілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» бір ойында 20 гол соққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).