Допты хоккей: «Ақжайық» Қазанда жергілікті команданы ойсырата ұтты
ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» Татарстан астанасы Қазанда жергілікті «Ак Барс-Динамо-2» клубымен кездесті.
Айдын иелері оралдық маман Николай Шавалдиннің шәкірттеріне төтеп бере алмады.
Батысқазақстандықтар қазандықтарды 12:1 есебімен ойсырата жеңді. «Ақжайықтан» ресейлік сұрмерген Максим Пахомов 6 голдың авторы атанды. Сондай-ақ Рауан Исалиев пен команда капитаны Максим Өтебалиев «Ак Барс Динамо-2» қақпасына үш-үштен доп енгізді. Оған қоса Р.Исалиев 5 нәтижелі паспен көзге түсті.
«Ақжайық» 60 ұпаймен екінші топта жеке-дара көш бастап келеді.
Ертең қос клуб екінші кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» өз айдынындағы соңғы ойынын өткізгенін жазған едік.