ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» «Жастар» стадионында «Ак Барс-Динамо-2» (Қазан) клубымен екінші кездесуін өткізді.
Кеше оралдықтар қарсыласын 10:1 есебімен жеңген еді. Бүгін де доп «Ак Барс-Динамо-2» қақпасына қарша борап, Николай Шавалдин баптайтын ойыншылар 15:1 есебімен жеңіске жетті.
Команда сұрмергені, ресейлік Максим Пахомов 7 голдың авторы атанса, қазақстандық шабуылшы Рауан Исалиев 4 доп енгізді. «Ақжайықтың» капитаны Максим Өтебалиевтің еншісіне 2, Артем Лапшин мен Нұрбол Бөкешовке бір-бір голдан жазылды.
Қазандық командадан Роман Лапин бір доппен ғана жауап қайырды.
Осы ойыннан кейін 33 ұпай жинаған «Ақжайық» өз тобында көш бастаушылардың қатарында келеді.
Батысқазақстандықтар келесі кездесуін өз айдынында 18-19 қаңтарда «Волга-Черемшан» (Ульяновск) командасына қарсы өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» қатарынан үш кездесуде ірі есеппен жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).