ИРКУТСК. KAZINFORM - Ресейдің Иркутск қаласында допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыстың финалдық турнирінде Оралдың «Ақжайығы» қорытынды матчын өткізді.
Б тобында Николай Шавалдиннің шәкірттері «Динамо-2» (Мәскеу) командасымен айдынға шықты.
Тартысты өткен ойында оралдықтар 6:4 есебімен басым түсті.
«Ақжайықтан» ресейлік сұрмерген Максим Пахомов бес голдың авторы атанса, тағы бір допты қарсылас қақпасына Дәурен Оралов енгізді.
Осылайша, «Ақжайық» өз тобында үш кездесуінде ұтылып қалса, екеуінде жеңіске жетіп, 6 ұпайға ие болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» «Строитель» командасынан жеңілгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).