Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» «Жастар» стадионында «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасын қабылдады, деп хабарлайды Kazinform.
Мұның алдында оралдық маман Николай Шавалдиннің шәкірттері сырт айдында осы командадан екі рет жеңіліс тапқан еді.
«Знамя-Удмуртия» 17 ұпаймен екінші топта көш бастаса, «Ақжайық» бесінші орында еді.
Бұл жолы батысқазақстандықтар бірден ойын тізгінін қолына алып, азулы қарсыласын 8:1 есебімен ойсырата жеңді. Оралдықтар сапында ресейлік сұрмерген Максим Пахомов алты доптың авторы атанса, команда капитаны Максим Өтебалиев «Знамя-Удмуртия» қақпасына тағы екі шайба енгізді. Қонақтардан Сергей Кильчичаков бір ғана доппен жауап қайырды.
Ертең қос клуб екінші кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» сырт айдында тағы да жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).