ОРАЛ. KAZINFORM — Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында Ресей чемпионатында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» жергілікті «Жастар» стадионында Орынбордың «Локомотивімен» екінші кездесуін өткізді.
Кешегі ойын 7:4 есебімен «Ақжайықтың» пайдасына шешілген еді. Бұл жолы да осы есеп қайталанды.
Кездесуде команда капитаны Максим Өтебалиев хет-триктің авторы атанса, Денис Максименко, Иван Захаров, Артем Лапшин, Максим Пахомов қарсылас команда қақпасына бір-бір дотан енгізді. Ал орынборлық клуб сапынан Сергей Ромашов екі доп салса, Евгений Трунев пен Шамиль Мамедов бір рет нысананы дәл көздеді.
Екінші топта 20 кездесуден кейін 48 ұпаймен жеке-дара көш бастап келе жатқан Николай Шавалдиннің шәкірттері келесі ойындарын 11-12 ақпанда өз айдынында «Волга-Черемшан» (Ульяновск) командасына қарсы өткізеді.
Бұдан бұрын Ульяновскіде «Ақжайық» 5:11, 6:7 есебімен есе жіберген еді. «Ақжайық» енді қарымта қайтаруға тырысады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» қатарынан бесінші рет жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).