Допты хоккей: «Ақжайық» өз айдынындағы соңғы ойынын өткізді
ОРАЛ. KAZINFORM - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» «Жастар» стадионында «Знамя-Удмуртиямен» (Воткинск) екінші ойынын өткізді.
Николай Шавалдиннің шәкірттері кеше тартысты матчта 8:6 есебімен жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы кездесу оралдықтардың айқын басымдығымен өтті - 12:2.
Команда сұрмергені, ресейлік Максим Пахомов 8 голдың авторы атанса, Рауан Исалиев 1 доп соғып, 9 нәтижелі пас берді. Сондай-ақ команда капитаны Максим Өтебалиев екі, Болат Мұхит бір рет мергендігімен көзге түсті.
Қонақтардан Алексей Севрюков пен Михаил Гринько бір-бірден гол енгізді.
Бұл «Ақжайықтың» өз айдынындағы соңғы ойыны еді.
Батысқазақстандық клуб келесі кездесулерін Қазанда 11-12 ақпанда «Ак Барс-Динамо-2» командасымен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» ресейлік клубтан басым түскенін жазған болатынбыз.