ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» «Жастар» стадионында «Маяк» (Краснотурьинск) командасын екінші рет жеңді.
Тартысты өткен ойынның бірінші таймы 3:3 есебімен тең аяқталды.
Есесіне екінші кезеңде Николай Шавалдиннің шәкірттері жауапсыз бес гол соқты.
Қорытынды есеп — 8:3, «Ақжайықтың» пайдасында.
Оралдықтардан ресейлік Максим Пахомов бұл жолы бір ғана рет көзге түсіп, осы маусымда он ойында соққан гол санын 32-ге жеткізді.
Тағы бір ресейлік Артем Лапшин мен Нұрбол Бөкешов 2 реттен қақпа кілтін тапса, сондай-ақ Ершат Амангелдиев, ресейлік Иван Захаров және команда капитаны Максим Өтебалиев бір-бір голдан енгізді.
«Маяктан» Антон Тихвинский, Александр Штеле, Никита Шорохов мергендік танытты.
Осы матчтан кейін 24 ұпай жинаған «Ақжайық» турнир кестесінде өз тобында екінші орынға көтерілді.
Батысқазақстандықтар келесі кездесулерін 22-23 қаңтарда Қазанда «Ак Барс-Динамо-2» командасымен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралдың «Ақжайығы» көш басындағы команданы тізе бүктіргенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).