ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста «Ақжайық» Қазанда «Ак Барс-Динамо-2» командасымен екінші кездесуін өткізді.
Бірінші таймда «Ақжайық» сапынан Максим Пахомов пен Нұрбол Бөкешов қарсылас қақпасына қос шайбадан салып, есепті 4:1-ге жеткізді. Қазандық клубтан Егор Жуков жалғыз шайбамен жауап қатты.
Екінші кезеңде Николай Шавалдиннің шәкірттері қарқынды тіпті күшейте түсті. М.Пахомов тағы екі голды еншісіне жазса, команда капитаны Максим Өтебалиев те нысананы дәл көздеп, бір шайбаның авторы атанды. Тағы бір ресейлік Артем Лапшин қарсылас қақпасына екі доп енгізді. Матч соңында қазандықтардан Даниил Пимяхин бір шайбамен жауап қатты. Осылайша 9:2 есебімен қарсыласын тас-талқан етіп жеңген «Ақжайық» ұпай санын 30-ға жеткізіп, екінші топта жеке-дара көш бастады.
Батысқазақстандық клуб келесі ойынын 26-27 қаңтарда Ульяновск қаласында «Волга-Черемшанмен» өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» қатарынан бесінші жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).