ОРАЛ. KAZINFORM - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» «Жастар» стадионында «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасымен екінші кездесуін өткізді.
Николай Шавалдиннің шәкірттері бұл жолы да ірі есеппен (8:3) жеңіске жетті.
Оралдықтардан ресейлік шабуылшы Максим Пахомов бес голдың авторы атанды.
Сондай-ақ команда капитаны Максим Өтебалиев, Қуаныш Темірәлин және тағы бір ресейлік Артем Лапшин бір-бірден мергендік танытты.
«Знамя-Удмуртиядан» Игорь Уфандеев, Данил Беляев, Сергей Улазов доп соғып, көзге түсті.
Осы ұтыстан кейін 18 ұпай жинаған «Ақжайық» екінші топта үшінші орынға көтерілді.
Батысқазақстандық клуб келесі кездесулерін 18-19 қаңтарда өз айдынында көш басындағы «Маяк» (Краснотурьинск) командасымен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» көш басындағы команданы ірі есеппен жеңгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).