ОРАЛ. KAZINFORM — Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» Қазанда жергілікті «Ак Барс-Динамо-2» клубымен екінші кездесуін өткізді.
Кеше оралдықтар қарсыласын 12:1 есебімен жеңген еді.
Бүгін 18:4 есебі тіркелді.
«Ақжайықтан» ресейлік Максим Пахомов 7 рет мергендік танытса, Рауан Исалиев пен команда капитаны Максим Өтебалиев 5-5-тен гол соқты. Тағы бір гол Мақсат Балмашовтың еншісінде.
Осылайша, 63 ұпай жинаған Николай Шавалдиннің шәкірттері екінші топта көш тізгінін ешкімге берер емес.
«Ақжайық» келесі матчтарын 15-16 ақпанда «Волга-Черемшан» командасымен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» Қазанда жергілікті команданы ойсырата ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).