ОРАЛ. KAZINFORM — Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» «Жастар» стадионында «Волга-Черемшан» (Ульяновск) командасын қабылдады.
Оралдық маман Николай Шавалдиннің хоккейшілері қарсыластарын 6:3 есебімен тізе бүктірді. «Ақжайық» сапынан Максим Пахомов 4 голдың авторы атанса, Артем Лапшин тағы екі допты енгізді.
Қонақ командадан Данила Арапов 2, Андрей Терехов 1 гол соқты. Осылайша, 21 ойыннан кейін 51 ұпай жинаған «Ақжайық» өз тобында бұрынғыша көш бастап келеді. Ертең қос команда екінші ойынын өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» орынборлық «Локомотив» командасын ірі есеппен жеңгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).