Допты хоккей: «Ақжайық» тартысты матчта мәскеулік командаға есе жіберді
ОРАЛ. KAZINFORM — Ресейдің Кемерово қаласында допты хоккейден жоғары лига командалары арасында өтіп жатқан бүкілресейлік жарыстың финалдық кезеңінде Оралдың «Ақжайығы» үшінші кездесуін өткізді.
Бұл жолы «Кузбасс» мұз сарайында батысқазақстандықтар «Динамо-2» (Мәскеу) командасымен ойнады.
Бастапқыда «Ақжайықтың» капитаны Максим Өтебалиев есеп ашқанымен, мәскеуліктер 4:1 есебімен алға шықты. Оралдықтар есепті барынша қысқартқанымен, жеңіс «Динамо-2» клубының еншісінде кетті — 8:6.
Ойын барысында оралдық командадан Максим Пахомов қос голдың авторы атанса, М.Өтебалиев тағы бір рет мергендігімен көзге түсті. Павел Чебаков пен Дәурен Оралов та құр кетпеді.
Николай Шавалдин шәкірттерінің А тобында бір ғана ойыны қалды. Ертең олар «Строитель» (Сыктывкар) командасымен айдынға шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден финалдық турнирде «Ақжайықтың» ірі есеппен жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.