ОРАЛ. KAZINFORM - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайық» командасы Ульяновск қаласында «Волга-Черемшан» командасымен айдынға шықты.
Есепті жергілікті команда ашқанымен, оралдықтар ойын тізгінін өз қолына алып, ірі есеппен жеңіске жетті. Қорытынды есеп — 9:3.
«Ақжайықтан» команда капитаны Максим Өтебалиев хет-триктің авторы атанды. Максим Пахомов пен Рауан Исалиев екі-екіден мергендік танытса, Артем Лапшин, Нұрбол Бөкешов қарсылас қақпасына бір-бірден доп енгізді.
Осылайша, екінші топта көш бастап келе жатқан Николай Шавалдиннің шәкірттері ұпай санын 66-ға жеткізді.
Ертең қос клуб екінші ойынын өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» сырт айдында тағы бір ірі жеңіске қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).