ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыстың финалдық кезеңі 23-31 наурыз күндері Кемерово қаласында өтеді.
«Ақжайық» спорт клубынан мәлім еткеніндей, матчтар екі спорттық нысанда: «Кузбасс»» мұз сарайында және «Химик» қысқы спорт түрлері орталығының стадионында болады.
Бүкілресейлік жарыстың финалдық кезеңінде жоғары лиганың үздік командалары жүлделі орындар үшін таласады.
Оралдың «Ақжайық» командасы екінші топта 75 ұпаймен бірінші орынға ие болған еді.
Бас бапкер Николай Шавалдиннің сөзіне қарағанда, қаржы мәселесі шешілсе, клуб финалдық кезеңге қатысатын болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» қатарынан 20 ойынды жеңіспен аяқтағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).