Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» «Ак Барс-Динамо-2» (Қазан) командасымен өткен екінші кездесуінде де жеңіске жетті, деп хабарлайды Kazinform.
Ойынның 6-минутында Ершат Амангелдиев мергендігімен көзге түсіп, командасын есепте алға шығарды. Ресейлік шабуылшы Максим Пахомов 34 және 71-минутта гол салды. Өткен жолғы кездесуде хет-триктің авторы атанған Артем Лапшин бұл жолы да алаңнан құр кетпеді. Ол 49 және 52-минутта дубль авторы атанды.
«Ақжайық» командасына қарсылас клубтың сапынан екінші таймда Айрат Хаймурзин (67-минут) мен Сергей Куликовский (88-минут) гол соғып, есеп айырмасын 5:2-ге қысқартты.
Екі ойыннан кейін 6 ұпай жинаған оралдық клуб екінші топта әзірге 6-орында келеді. Енді Николай Шавалдиннің шәкірттері 24-25 желтоқсанда Орынборда «Локомотивпен» кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» жаңа маусымды жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).