Допты хоккейден «Ақжайық» кезекті жеңісіне қол жеткізді

Фото: Фото: sc_akzhayik_07

ОРАЛ. KAZINFORM — Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста «Ақжайық» қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізді.

Батысқазақстандық клуб бұл жолы «Жастар» стадионында екінші топта турнир кестесінде 24 ұпаймен 2-орында келе жатқан «Академия «Уральский трубник» (Первоуральск) командасын қабылдады.

Тартысты өткен матчта Николай Шавалдиннің шәкірттері 5:3 есебімен жеңіске жетті.

«Ақжайықтың» сұрмергені, ресейлік шабуылшы Максим Пахомов хет-триктің авторы атанып, биылғы маусымдағы 7 ойыннан кейін соққан гол санын 20-ға жеткізді.

Сондай-ақ тағы бір ресейлік Артем Лапшин мен Самат Аманшин мергендік танытты.

Қонақтардан Алексей Снегирев, Андрей Зеленин, Константин Еловиков бір-бірден доп соға алды.

Ертең қос команда екінші кездесуін өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» ресейлік клубты екінші рет ұтқанын жазған болатынбыз.