ОРАЛ. KAZINFORM - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» жаңа жылдағы алғашқы кездесуін Орынборда жергілікті «Локомотивпен» өткізді.
Осыған дейін оралдықтар 21 ұпаймен екінші топта үшінші орында тұрған еді.
Бірінші таймда «Ақжайық» 7:3 есебімен алға кетті.
Екінші кезеңде Николай Шавалдиннің шәкірттері есепті 18:5-ке жеткізді.
Батысқазақстандық клубтан ресейлік сұрмерген Максим Пахомов 7 голдың авторы атанса, команда капитаны Максим Өтебалиев те қалысқан жоқ. Оның еншісінде 5 доп бар. Сондай-ақ «Локомотив» қақпасына Рауан Исалиев 3, Дәурен Оралов, Артем Лапшин және Нұрбол Бөкешов бір-бірден доп енгізді.
Ертең командалар екінші матчын өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» жылдың соңғы ойынын жеңіспен түйіндегенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).