ОРАЛ. KAZINFORM — Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарысқа қатысып жүрген Оралдың «Ақжайығы» «Жастар» стадионында Верхний Уфалейдің «Никельщик» клубын қабылдады.
Бұл оралдықтардың жаңа маусымдағы өз айдынындағы алғашқы ойыны еді.
Николай Шавалдиннің шәкірттері қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтты. Қорытынды есеп – 12:4. Команда сұрмергені, ресейлік Максим Пахомов 6 голдың авторы атанса, Рауан Исалиев «Никельщиктің» қақпасына 3 доп енгізді. «Ақжайықтың» капитаны Максим Өтебалиевке - 2, Болат Мұхиттың есебіне 1 гол тіркелді.
Осы матчтан кейін 12 ұпай жинаған «Ақжайық» екінші топта әзірге «Никельщикпен» төртінші-бесінші орынды бөлісуде. Бірақ қарсыластарына қарағанда, оралдық команданың өткізген ойын саны әлдеқайда кем.
Сенбі күні қос клуб екінші кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» алғаш рет жеңіліс тапқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).