ИРКУТСК. KAZINFORM — Иркутск қаласында допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыстың финалдық бәсекесін Оралдың «Ақжайығы» жеңіспен бастады.
Б тобында Николай Шавалдиннің шәкірттері бірінші кездесуін «СКА-Уральский трубник-2» (Екатеринбург) командасымен өткізді.
Тартысты ойында оралдықтар 5:4 есебімен жеңіске жетті.
«Ақжайықтан» Артем Лапшин, команда капитаны Максим Өтебалиев, Дәурен Оралов, Қуаныш Темірәлин және Максим Пахомов бір-бір доптан соқты.
«СКА-Уральский трубник-2» командасынан Алексей Снегирев қос голдың авторы атанса, Алексей Борисов пен Дмитрий Чернов та құр кетпеді.
«Ақжайық» келесі матчын 8 наурыз күні «Енисей-2» (Красноярск) командасымен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» финалдық сайыста қай командалармен кездесетінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).