ИРКУТСК. KAZINFORM — Иркутск қаласында допты хоккейден жоғары лига командалары арасында өтіп жатқан бүкілресейлік жарыстың финалдық бәсекесінде Оралдың «Ақжайығы» екінші ойынын өткізді.
Бұл жолы оралдықтар «Енисей-2» (Красноярск) командасына қарсы келді.
Тартысты өткен бірінші таймда бастапқыда «Енисей-2» 2:0 есебімен алға кеткенімен, Николай Шавалдиннің шәкірттері таразы басын теңестіре алды – 2:2. Бірақ бірте-бірте красноярскілік клубтың басымдылығы байқалды – 6:3.
«Ақжайықтан» әуелі Нұрбол Бөкешов мергендігімен көзге түссе, содан кейін Максим Пахомов екі голдың авторы атанды.
«Енисей-2»-ден Антон Савлюк 3, Матвей Лышко, Максим Иванов, Игорь Середкин бір-бірден гол соқты.
Батысқазақстандық клуб А тобында 3 ұпаймен әзірге үшінші орында тұр. «Ақжайық» ертең «Кузбасс-2» (Кемерово) командасымен күш сынасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден финалдық турнирде «Ақжайықтың» алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).