ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасындағы бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» Орынборда жергілікті «Локомотив» командасымен айдынға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тартысты өткен бәсекеде «Ақжайықтың» капитаны Максим Өтебалиев есеп ашқанымен, бұдан кейін айдын иелері қатарынан алты гол соқты.
Матч барысында оралдықтар да есепті қысқартып баққанымен, «Локомотив» 11:10 есебімен жеңіске жетті.
Қонақтар сапынан ресейлік сұрмерген Максим Пахомов бес, М.Өтебалиев үш голдың авторы атанды. Сондай-ақ Петр Грибанов, Павел Чебаков қарсылас қақпасына бір-бір доптан енгізді.
Оралдық маман Николай Шавалдиннің шәкірттері Орынборда әлі үш ойын өткізеді.
Мұның екеуі - елдегі төтенше жағдайға байланысты 10-11 қаңтар күндері Оралда өтпей қалған кездесулер.
«Ақжайық» спорт клубының директоры Дамир Қалақовтың айтуынша, өз тобындағы қалған осы үш матчта оралдықтар үш ұпай алса, финалдық сайыстарға жолдама алуға мүмкіндік беретін үздік үштікке ілігеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» үшінші топта көш бастаушы командаға есе жібергенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).