ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» жаңа маусымды сәтсіз бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, оралдықтар екінші топтағы беташар матчты Краснотурьинскіде жергілікті «Маякпен» өткізді.
Айдын иелері бірінші таймда 3:0 есебімен басымдылық көрсетсе, ойынның екінші кезеңде 7:0-ге жеткізді.
«Маяктан», әсіресе, Евгений Царогородцев ерекше көзге түсіп, төрт голдың авторы атанды. Сондай-ақ Евгений Игошин, Андрей Фёлькер (пенальти) және Дмитрий Ярославцев бір-бір доптан соқты.
«Маяк» - екінші топтағы мықты клубтардың бірі. Оны көптен бері Орал допты хоккейінің түлегі Олег Чернов жаттықтырып келеді.
30 қараша күні қос команда екінші кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықты» биылдан бастап оралдық бапкер Николай Шавалдиннің жаттықтыратынын, алдағы басты мақсат - 2019 жылы Красноярск қаласында өтетін дүниежүзілік универсиадада жүлделі орын алу екендігін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).