Допты хоккей: «Ақжайық» екі ойында да «Динамо-Қазан-2» командасын 9:3 есебімен ойсырата ұтты

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасының екінші тобында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» өз айдынындағы алғашқы кездесулерінде жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралдағы «Жастар» стадионында жасанды мұз айдыны салынуына байланысты «Ақжайық» биылғы маусымдағы матчтарын Зачаган кентіндегі «Стеновик» стадионында өткізуде. 24 және 25 қаңтар күні «Динамо-Қазан-2» (Қазан) командасымен болған екі ойын да 9:3 есебімен аяқталды. Біріншісінде команда капитаны Максим Өтебалиев хет-триктің авторы атанса, ресейліктер Сергей Башаев пен Евгений Суковин екі-екіден, Артем Недоступов пен Сергей Пантеев бір-бірден гол енгізді. Екінші кездесуде қарсыластар қақпасына С.Башаев 4, М.Өтебалиев 3 доп салса, Е.Суковин мен тағы бір ресейлік Сергей Гаврилов бір реттен көзге түсті. Сөйтіп С.Башаев осы маусымда соққан гол санын 29-ға, М.Өтебалиев 14-ке жеткізді.

Бұл турдан кейін ресейлік маман Владимир Кожевников жаттықтыратын оралдықтар 16 ұпаймен екінші топта үшінші орынға көтерілді. Енді олар келесі кездесулерін 14-15 қаңтарда өз айдынында Орынбордың «Локомотивімен» өткізеді.