ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» өз айдынында Свердлов облысының «СКА-Свердловск» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жастар» стадионында өткен матчта оралдықтар 9:1 есебімен қарсыласын бет қаратпай ұтты.
Бұл ойында команданың сұрмергені, ресейлік Максим Пахомов жеті голдың авторы атанды. Сондай-ақ Орал допты хоккейінің түлектері Павел Чебаков пен Дәурен Ораловтың қанжығалары майланды. Қонақтардан Владислав Федоренко ғана бір гол соға алды.
Ертең командалар екінші кездесуін өткізеді.
Николай Шавалдиннің шәкірттері 11 ойыннан кейін 24 ұпай жинады. Үшінші топта «Ақжайықтың» алдыңғы орындарға көтерілуіне мүмкіндік бар. Өйткені биыл елдегі төтенше жағдайға байланысты Орынбордың «Локомотивімен» өтпей қалған екі матч сырт айдында 26-27 ақпанда болмақшы. Сонымен қатар 2-3 ақпан күндері оралдықтар Верхний Уфалейдің «Никельщик» командасын қабылдауы керек еді. Алайда «Никельщик» Оралға келмей қалды. Бұған байланысты Ресей допты хоккей федерациясы тиісті шешім қабылдайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» қатарынан төртінші рет жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).