ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» «Динамо-Қазан-2» командасынан ірі есеппен жеңіліп қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Қазан қаласындағы «Ракета» стадионында өткен матчтың бірінші таймында айдын иелері 8:1 есебімен алға шықса, екінші кезеңде де сол қарқынынан тайған жоқ.
Осылайша, «Динамо-Қазан-2» командасы оралдықтарды 13:2 есебімен ойсырата ұтты. «Ақжайықтан» Сұлтан Қадыржанов пен Павел Чебаков қана гол соға алды.
Кеше тартысты бәсекеде қос команда 7:7 есебімен тең тарқасқан болатын.
Айта кетейік, екінші топта ойнайтын «Ақжайықтың» енді төрт қана кездесуі қалды. 21-22 ақпанда Воткинскіде осы топта көш бастап келе жатқан «Знамя-Удмуртиямен» күш сынасса, қорытынды матчтарын 24-25 ақпанда Верхний Уфалейде «Никельщикпен» өткізеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).