ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» өз айдынында «Кировец» (Уфа) командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тынбай жауған қар мен боранға қарамастан, ойыншылар барын салып бақты.
Бірінші таймда «Ақжайықтың» сұрмергені, ресейлік Максим Пахомов 4-минутта есеп ашты. 33-минутта тағы бір ресейлік Сергей Башаев 2:0-ге жеткізді. Бұлардың екеуіне де Орал допты хоккейінің түлегі Болат Мұхит нәтижелі пас берді.
Екінші кезеңде матч соңына таман қонақтардан Руслан Гавричков есепті қысқартты.
Қорытынды есеп – 2:1, «Ақжайықтың» пайдасында.
Оралдық клуб осымен үшінші рет қатарынан жеңіске жетті.
Бұл ойыннан кейін 18 ұпай жинаған Николай Шавалдиннің шәкірттері үшінші топта екінші орынға көтерілді.
Ертең «Жастар» стадионында қос команда екінші кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» «Знамя-Удмуртия» командасын екінші рет жеңгенін жазған болатынбыз.
Суреттер – Айбатыр Нұраш.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).