ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» кезекті ойындарын Уфада жергілікті «Кировец» командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оралдықтар 19 ақпан күні өткен матчта қарсыласына 2:7 есебімен есе жіберді.
Бұл ойында «Ақжайық» сапынан Павел Чебаков пен ресейлік легионер Сергей Башаев мергендік танытты.
Бүгінгі кездесуде де айдын иелері 4:2 есебімен жеңіске жетті. Қонақтардан «Ақжайықтың» сұрмергені, ресейлік Максим Пахомов пен Орал допты хоккейінің түлегі Болат Мұхит гол соғып, көзге түсті.
Дегенмен оралдық маман Николай Шавалдин шәкірттерінің үшінші топта үздік үштікке ілігуге мүмкіндіктері бар. Ол үшін Орынборда жергілікті «Локомотивпен» 23, 24, 26 және 27 ақпан күндері өтетін қалған төрт матчты сәтті өткізуі керек.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» көш бастаушы командаға есе жібергенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).