Допты хоккей: «Ақжайық» көш бастаушы командаға есе жіберді
«Знамя-Удмуртия» – үшінші топта жекедара көш бастап келе жатқан клуб.
15 ақпан күні айдын иелері «Ақжайықты» 6:1 есебімен қапы қалдырды. Мұнда қонақтардан ресейлік сұрмерген Максим Пахомов қана гол соғып, көзге түсе алды.
Сәрсенбі күнгі кездесу әлдеқайда тартысты өтті. Бірінші таймда оралдықтар бірнеше рет таразы басын теңестіріп, қарсылық танытты. Дегенмен «Знамя-Удмуртия» 7:4 есебімен жеңіске жетті.
«Ақжайық» сапында ресейлік Сергей Башаев екі голдың авторы атанса, Павел Чебаков пен М.Пахомов қарсыластың қақпасына бір-бірден доп енгізді.
Енді Николай Шавалдиннің шәкірттері 19-20 ақпан күндері Уфада турнир кестесінде екінші орында келе жатқан «Кировец» командасымен ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» «СКА-Свердловск» командасын екінші рет ұтқанын жазған болатынбыз.