Допты хоккей: «Ақжайық» көш бастаушы командамен тең ойнады

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста «Ақжайық» «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасын қабылдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Бұл ойын өте тартысты өтті. Оның үстіне «Знамя-Удмуртия» командасы екінші топта көш бастап келе жатқандықтан, Оралда ұпай жоғалтқысы келген жоқ. Дегенмен ресейлік маман Владимир Кожевников жаттықтыратын «Ақжайық» бабына келе бастағанын көрсетті. Бірінші таймнан кейін 1:3 есебімен жеңіліп жатқан оралдықтар ойынның екінші бөлігінде шеберліктерін таныта білді. Сөйтіп 3:3 есебімен аяқталған кездесуде оралдықтардан Еламан Әліпқалиев қос голдың авторы атанса, Болат Мұхит қарсыластар қақпасына тағы бір допты енгізді.  Қонақтардан Михаил Разумовский есеп ашса, содан кейін Роман Фролов екі мәрте мергендігімен көзге түсті

«Ақжайық» спорт клубының директоры Азамат Шайхының айтуынша, «Знамя-Удмуртия» командасы биыл күшті ойыншыларды жинап алды. Олардың ішінде суперлигада ойнаған тәжірибелі хоккейшілер де жетерлік. Сондықтан батысқазақстандықтардың олармен терезесі тең дәрежеде өнер көрсетуін табысқа балауға болады.

Ертең қос клуб екінші кездесуін өткізеді.

Айта кетейік, «Ақжайық» жеті ұпаймен екінші топта бұрынғысынша соңғы орында келеді.