ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста «Ақжайық» өз айдынында «Знамя-Удмуртияны» (Воткинск) қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Знамя-Удмуртия» екінші топта көш бастап келе жатқан екі команданың бірі еді.
Айдын иелерінің айқын басымдылығымен өткен матчта Николай Шавалдиннің шәкірттері 7:1 есебімен жеңіске жетті.
«Ақжайықтан» ресейлік легионер Максим Пахомов төрт голдың авторы атанды. Тағы бір ресейлік Сергей Башаев қарсыластар қақпасына екі гол енгізді. Петр Грибанов та айдыннан құр кеткен жоқ.
Қонақтардан Денис Слаутин бір ғана голмен жауап қайыра алды.
Ертең командалар екінші кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» қазандық команданы тағы да ірі есеппен ұтқандығын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).