ОРАЛ. ҚазАқпарат – Красноярск қаласында Оралдың «Ақжайығы» допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыстың финалдық турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оралдық маман Николай Шавалдиннің шәкірттері үшінші топта үшінші орынға ие болып, финалдық сайыстарға жолдама алған еді.
А тобына түскен «Ақжайық» бүгін «Восток» (Арсеньев) командасымен айдынға шықты.
Бірінші таймда «Ақжайық» сапындағы ресейлік Александр Слугин есеп ашты. Бұдан кейін команданың сұрмергені, тағы бір ресейлік Максим Пахомов 12 метрлік айып добын дәл орындады – 2:0.
«Востоктан» Павел Корев пен Никита Журавлев мергендік танытып, таразы басын теңестіргенімен, ойынның екінші кезеңінде М.Пахомов «Ақжайықты» қайта алға шығарды.
Содан соң «Ақжайықтың» капитаны Максим Өтебалиев есепті 4:2-ге жеткізді. «Востоктан» Сергей Акимов бір гол ғана соға алды.
Осылайша «Ақжайық» 4:3 есебімен жеңіске жетті.
Оралдықтар 7 наурыз күні «Енисей-2» командасымен күш сынасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» Орынборда соңғы матчында жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).