Допты хоккей: «Ақжайық» «Локомотив» командасымен тең ойнады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» кезекті ойынын Орынбордың «Локомотив» командасымен өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оралдағы «Стеновик» стадионында өткен кездесудің бірінші таймынан кейін ресейлік маман Владимир Кожевниковтің шәкірттері 2:1 есебімен алда тұрды. Әйтсе де екінші таймда сол басымдылықты сақтай алмай, командалар 3:3 есебімен тең тарқасты. «Ақжайықтан» ресейлік легионер Сергей Пантеев қос голдың авторы атанса, сондай-ақ Болат Мұхит мергендігімен көзге түсті.

10 қаңтар күні қос клуб екінші мәрте айдынға шығады.

Екінші топта 9 ойыннан кейін 8 ұпай жинаған оралдықтар әзірге соңғы орында келеді.

Айта кетейік, биыл допты хоккейден әлем чемпионаты 29 қаңтар - 4 ақпан аралығында Ресейдің Хабаровск қаласында өтеді. «Ақжайық» спорт клубының директоры Азамат Шайхының сөзіне қарағанда, оралдық командадан ұлттық құрамаға кімдердің алынатыны кейін белгілі болмақ.