ОРАЛ. ҚазАқпарат – Жоғары лига командалары арасында допты хоккейден бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» кезекті ойындарын Краснотурьинскіде «Маяк» командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оралдықтар қос кездесуде де жеңіліс тапты.
Бірінші матчта «Ақжайық» Орал допты хоккейінің түлегі Олег Чернов жаттықтыратын айдын иелеріне 2:5 есебімен есе жіберді. Қонақтар тарапынан ресейлік легионер Максим Пахомов пен Андрей Гущин гол авторлары атанды.
Екінші бәсекеде оралдық Петр Грибанов есеп ашқанымен, «Маяк» ойыншысы Михаил Дунаев таразы басын теңестірді. Бұдан кейін Евгений Игошин айдын иелерін алға шығарса, «Ақжайық» сапындағы тағы бір ресейлік Александр Штеле қарымта қайырды. Алайда Максим Никишов пен Евгений Царогородцев мергендік танытып, «Маякка» жеңіс әперді – 4:2.
Екінші топта «Маяк» 15 ұпаймен көш басында келе жатса, «Ақжайық» небәрі үш ұпаймен алтыншы орында тұр.
Оралдық маман Николай Шавалдиннің шәкірттері келесі кездесулерін 14-15 желтоқсанда Уфада жергілікті «Кировецпен» өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).