ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» «Никельщик» (Верхний Уфалей) командасын екінші мәрте ұтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Стеновик» стадионында өткен матчта Владимир Кожевниковтің шәкірттері 5:2 есебімен басым түсті. «Ақжайықтан» Павел Чебаков, Петр Грибанов, команда капитаны Максим Өтебалиев, Андрей Гущин және ресейлік легионер Сергей Пантеев бір-бірден гол соқты.
Кеше оралдықтар қарсыласын 8:3 есебімен жеңген болатын.
Айта кетейік, күні бүгін «Ақжайық» командасы екінші топта 29 ұпаймен төртінші орында келеді. Батысқазақстандықтар қалған алты ойынын сырт айдындарда өткізеді. Сондықтан алдындағы командаларды қуып жетуі қиындау. Екінші топта «Маяк» (Краснотурьинск) 42 ұпаймен көш бастаса, «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) және «Локомотив» (Орынбор) командалары 40 және 36 ұпаймен екінші-үшінші орындарды бөлісуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).