Допты хоккей: «Ақжайық» «Никельщик» командасын екінші рет жеңді

None
ОРАЛ. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - 20 қаңтар күні допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасының екінші тобында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» өз айдынында Верхний Уфалейдің «Никельщик» командасымен екінші кездесуін өткізді.

Бірінші ойынға қарағанда, «Ақжайық» бұл жолы айқын басымдылық көрсетті. «Никельщиктен» Дмитрий Чулочников 4-минутта есеп ашқанымен, екінші таймда тағы да «Ақжайық» ойыншылары ойын тізгінін өз қолдарына алды. 46-минутта Самат Аманшин таразы басын теңестірсе, 73-минутта Петр Грибанов, 85-минутта Нұрлан Оразғалиев, 87-минутта Арыстан Қазыбаев мергендік танытып, «Ақжайық» 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Осы турдан кейін 29 ұпай жинап, үшінші сатыға орныққан «Ақжайық» 22-23 ақпан күндері Екатеринбургтің «СКА-Свердловск» командасын қабылдайды. Бұл клуб екінші топта сегізінші орында тұр.