ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Ресей чемпионатының жоғары лигасында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» 18 қаңтар күні Верхний Уфалейдің «Никельщик» командасымен екінші кездесуін өткізді.
Алдыңғы ойынға қарағанда, «Ақжайық» бұл жолы айқын басымдылық көрсетті. Сөйтіп 7:3 есебімен жеңіске жетті. Айдын иелерінен команда капитаны Ескендір Нұғманов пен аса тәжірибелі хоккейші Александр Шавалдин қос-қостан гол соқса, Петр Грибанов, Дмитрий Кармак, Қуаныш Темірәлин де құр кетпеді.
Осы матчтан кейін 32 ұпай жинаған «Ақжайық» өз тобында қайтадан екінші орынға шықты. Мұның алдында сырт айдындағы төрт кездесуінде де ұтылып қалған батысқазақстандықтар сөйтіп жағдайын едәуір жақсартты. Олар келесі кездесулерін де 24-25 қаңтарда өз айдынында Краснотурьинскінің «Динамо-Маяк» командасымен өткізеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).