ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста «Ақжайық» өз айдынында Орынбордың «Локомотив» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Матч барысында оралдықтар қарсыласын бет қаратпай, ірі есеппен ұтты.
«Ақжайық» сапындағы ресейлік легионер Максим Пахомов бұл кездесуде төрт голдың авторы атанды. Осылайша ол биылғы маусымда соққан доп санын 28-ге жеткізді.
Тағы бір ресейлік Сергей Башаев екі гол соқты. Ресейлік Александр Штеле, сондай-ақ Қуаныш Темірәлин, Петр Грибановтың еншісінде бір доптан бар. Қонақтардан Шамиль Мамедов бір голмен жауап қайыра алды.
Жалпы есеп – 9:1.
Осы жеңістен кейін Николай Шавалдиннің шәкірттері екінші топта 19 ұпаймен төртінші орынға көтерілді.
Командалар ертең екінші кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» тағы да ірі есеппен жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).