ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден «Жоғары лига» бүкілресейлік жарысының екінші тобында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» бүгін өз айдынында Саратовтың «Универсалын» қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Бұл кездесу мәселесі бірінші таймда шешілді. 4-минутта ресейлік легионер Сергей Башаев есеп ашса, 36-минутта Максим Өтебалиев 2:0-ге жеткізді. 30-минутта тағы бір ресейлік Максим Пьянов 11 метрлік айып добын соққан кезде қонақтар қақпашысы, Орал допты хоккейінің түлегі Ілияс Хайрекешевтен айласын асыра алмады. Сонымен қатар «Универсалдың» құрамында «Ақжайықтан» кетіп қалған жартылай қорғаушылар Арыстан Қазыбаев пен Сұлтан Қадыржанов та ойнайды.
Ертең командалар екінші кездесуін өткізеді.
Айта кетейік, Ресей допты хоккей федерациясы ұсыным беру уақытын өткізіп алғаны үшін Саратовтың «Универсалының» алғашқы сегіз кездесуіне жеңіліс жазған болатын. Ал «Ақжайық» 9 ойыннан кейін 16 ұпаймен әзірге алтыншы орында келеді. Бірақ алдындағы командалардан өткізген ойындары едәуір кем. Сондықтан турнир кестесінде жоғары көтерілуге мүмкіндік бар.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).