ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін «Ақжайық» алғашқы жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Бүгін Оралдағы «Стеновик» стадионында «Динамо-Қазан-2» командасын қабылдаған батысқазақстандықтар 8:1 есебімен жеңіске жетті.
«Ақжайық» спорт клубының директоры Азамат Шайхының айтуынша, Андрей Гущин төрт голдың авторы атанды. Сондай-ақ, Петр Грибанов қарсыластар қақпасына 2, Болат Мұхит пен Еламан Әліпқалиев бір-бірден гол соқты. Бұған қонақтардан Александр Семенов бір ғана голмен жауап қайтара алды.
Бұл - батысқазақстандықтардың биылғы маусымдағы бірінші жеңісі.
Ертең ресейлік маман Владимир Кожевников жаттықтыратын оралдықтар «Динамо-Қазан-2» командасымен екінші ойынын өткізеді.
Еске сала кетейік, мұның алдында «Ақжайық» сырт айдындағы төрт кездесуінде қарсыластарынан ұтылып қалған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).