ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасындағы бүкілресейлік жарыста «Ақжайық» Екатеринбургтың «СКСО СКА-Свердловск» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жастар» стадионындағы матч айдын иелерінің басымдығымен өтті. Бірінші таймның 20-шы минутында қонақтардан Никита Ивлев есеп ашты. Дегенмен, одан кейін «Ақжайықтың» капитаны Максим Өтебалиев, Андрей Гущин және ресейлік легионер Максим Пахомов көзге түсіп, есепті 3:1-ге жеткізді.
Екінші таймда Павел Чебаков, тағы бір ресейлік Сергей Пантеев және М.Пахомовтың соққан голдарына меймандардан Алексей Снегирев жауап қайыра алды. Осылайша Николай Шавалдиннің шәкірттері 6:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойыннан кейін 21 ұпай жинаған оралдықтар екінші топта қайтадан бесінші орынға көтерілді. Ертең қос команда екінші кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» қалған ойындарын өз айдынында өткізетінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).