ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін «Ақжайық» өз айдынында «СКА-Свердловск» командасымен екінші ойынын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл кездесуде де Николай Шавалдиннің шәкірттері айқын басымдық көрсетіп, 6:1 есебімен жеңіске жетті.
Ойын барысында екі рет мергендік танытқан ресейлік легионер Максим Пахомов биылғы маусымда соққан гол санын 30-ға жеткізді.
Сондай-ақ команда капитаны Максим Өтебалиев қос голдың авторы атанды. Ресейліктер Сергей Башаев пен Александр Слугин қарсыластың қақпасына бір-бір доптан енгізді.
Қонақтардан Алексей Снегирев қана гол соға алды.
Осы ойыннан кейін 27 ұпай жинаған оралдық клуб үшінші топта төртінші орынға көтерілді.
«Ақжайық» келесі матчтарын Оралда 11-12 ақпанда негізгі қарсыластарының бірі - «Маяк» (Краснотурьинск) командасымен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» қарсыласын ойсырата ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).