ОРАЛ. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат - 27 желтоқсан күні допты хоккейден Ресей чемпионатының жоғары лигасында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» Екатеринбургте «СКА-Свердловск» командасымен айдынға шықты.
Өкінішке қарай, бұл кездесуде оралдықтар 3:9 есебімен жеңіліп қалды. «Ақжайықтан» үш голды да команда сұрмергені Ескендір Нұғманов соқты. Сонымен қатар ойын барысында Александр Шавалдин мен Е.Нұғманов 12 метрлік айып добын қарсыластар қақпасына енгізе алмады.
28 желтоқсан күні қос команда екінші кездесуін өткізеді. Қазір екінші топта көш бастаған «СКА-Свердловск» мен «Ақжайықтың» ұпайлары (27) тең.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).