ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» Верхний Уфалейде бүгін жергілікті «Никельщикпен» екінші ойынын өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, айдын иелерінен Михаил Андреев 26-минутта есеп ашса, он минуттан кейін «Ақжайықтан» Илья Глухов таразы басын теңестірді.
Екінші тайм басталысымен Сұлтан Қадыржанов қонақтарды алға шығарды. Алайда «Никельщиктен» М.Андреев, Дмитрий Харитонов және команда капитаны Евгений Саламатов көзге түсіп, есепті 4:2-ге жеткізді. Дегенмен Владимир Кожевниковтің шәкірттері намысқа тырысып, 85-минутта ресейлік легионер Сергей Пантеев, 89-минутта команда капитаны Максим Өтебалиев мергендік танытты.
Осылайша тартысты өткен кездесу 4:4 есебімен тең аяқталды.
Сөйтіп «Ақжайық» екінші топта 31 ұпаймен бесінші орынға ие болып, үздік үштіктің қатарынан көріне алмады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).