Допты хоккей: «Ақжайық» сырт айдында «Маякпен» тең ойнады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында Ресей чемпионатында Оралдың «Ақжайығы» Краснотурьинскіде жергілікті «Маякпен» екінші ойынын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші таймда айдын иелері 2:1 есебімен алда болды.

Есесіне екінші кезеңде оралдықтар ширақ ойнады – 3:2. Қорытынды есеп – 4:4.

Бұл ойында «Ақжайықтың» сұрмергені, ресейлік легионер Максим Пахомов хет-триктің авторы атанса, Ершат Амангелдиевтің де қанжығасы майланды.

Кеше өткен бірінші матчта оралдық маман Николай Шавалдиннің шәкірттері 5:7 есебімен есе жіберген еді. Бұл бәсекеде М.Пахомов 3, Еламан Әліпқалиев пен Артем Лапшин бір-бір гол соқты.

Үшінші топта 13 ойыннан кейін 23 ұпай жинаған батысқазақстандық клуб бұрынғыша төртінші орында келеді.

«Ақжайық» осы маусымдағы қорытынды кездесулерін 18-19 ақпанда Верхний Уфалейде осы топта бірінші орында тұрған «Никельщик» командасымен өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» екінші ойында қарсыласына есе жібергенін жазған болатынбыз.


Ашық көздерден алынған фото