ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін «Ақжайық» кезекті ойынын Орынборда «Локомотив» командасымен өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Бұл кездесу екінші топта үшінші-төртінші орында келе жатқан қос клуб үшін де маңызды еді. Бірінші таймда айдын иелері 3:0 есебімен алға шықса, ойынның екінші кезеңінде де сол басымдылықты сақтап қала алды. Сөйтіп «Локомотив» 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Бүгін командалар екінші кездесуін өткізеді.
Ресейлік маман Владимир Кожевников жаттықтыратын оралдықтар екінші топта 23 ұпаймен бұрынғыша төртінші орында келеді.
«Ақжайық» спорт клубының директоры Азамат Шайхының айтуынша, команда капитаны Максим Өтебалиев бастаған үш ойыншы алдағы матчтан кейін Ресейдің Хабаровск қаласында 29 қаңтар - 4 ақпан аралығында допты хоккейден өтетін әлем чемпионатына аттанады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).