АСТАНА. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Ресей чемпионатының жоғары лигасында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» кезекті кездесулерін Қазан қаласында өткізді.
Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, екінші топта ең соңғы орында келе жатқан «Динамо-Қазан-2» командасымен сенбі күнгі ойында оралдықтар 5:8 есебімен ұтылса, 11 қаңтар күні 5:9 есебімен ойсырай жеңілді.
«Ақжайық» 26 ұпаймен өз тобында бұрынғысынша екінші орында тұр. Келесі ойындарын батысқазақстандықтар Воткинскіде 13-14 қаңтар күні жергілікті «Знамя-Удмуртия» командасымен өткізеді. Содан кейін Оралға қайта оралады.
Айта кетейік, допты хоккейден Ресей чемпионатының суперлигасында ойнайтын Новосібірдің «Сибсельмаш» клубының құрамында Ақ Жайықтан түлеп ұшқан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Рауан Исалиев сәтті өнер көрсетіп келеді. Ол 11 қаңтар күні Қазанның «Динамо-Қазан» командасымен матчта жеңіс голын соқты. Новосібірде өткен бұл кездесу 6:2 есебімен айдын иелерінің пайдасына шешілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).