ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста «Ақжайық» «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасымен екінші ойында да ірі есеппен жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жастар» стадионында өткен матчта бұл жолы 9:3 есебі тіркелді.
«Ақжайықтан» ресейлік Максим Пахомов тағы да төрт голдың авторы атанды. Ресейліктер Сергей Башаевтың еншісінде 3, Александр Штеледе 1 доп. Тағы бір голды Петр Грибанов соқты.
Қонақтардан Василий Арестов 2, Евгений Перевощиков 1 рет мергендік танытты.
Осылайша өз айдынында өткен төрт кездесуде де қарсыластарын ойсырата ұтқан «Ақжайық» 16 ұпаймен екінші топта бұрынғыша алтыншы орында келеді.
Николай Шавалдиннің шәкірттері 9-10 қаңтарда осы топта көш соңында келе жатқан «Локомотив» (Орынбор) командасын қабылдайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» көш бастаушы команданы ірі есеппен ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).