ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» үшін Орынбор сапары сәтсіз болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Екінші топта финалдық сайыстарға жолдама алудан қос команда да үмітті болғандықтан, жеңіс ауадай қажет еді. 22 қаңтар күні 2:6 есебімен есе жіберген оралдықтар екінші ойында барын салып бақты. Бірінші тайм 1:1 есебімен тең аяқталды. Кездесудің екінші бөлігінде орынборлықтар жауапсыз екі гол соқты. Сөйтіп айдын иелері 3:1 есебімен тағы да жеңіске жетті.
Бұдан кейін 32 ұпай жинаған орынборлықтар көш басындағы 37 ұпайы бар «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) және одан төрт ұпайы кем «Маяк» (Краснотурьинск) командаларына біртабан жақындады. Ал небәрі 23 ұпайы бар «Ақжайық» үздік үштіктен едәуір кейін қалып қойды.
Ресейлік маман Владимир Кожевников жаттықтыратын батысқазақстандықтар келесі кездесулерін 12-13 ақпан күндері Оралда «Никельщик» (Верхний Уфалей) командасымен өткізеді. Содан кейінгі алты ойыны сырт айдындарда болады. Сондықтан биыл «Ақжайыққа» финалдық сайыстарға жолдама алу қиынға түседі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).